Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Барыстың» бұрынғы ойыншысы Даррен Диц қазіргі таңда «Сібір» сапында жарқырап, Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) үздік қорғаушыларының біріне айналды.
Даррен Диц ҚХЛ маусымының басында сенімді ойын өрнегін көрсетіп, лиганың ең нәтижелі қорғаушыларының қатарына енді. Қазіргі таңда ол лигадағы қорғаушылар арасында гол соғудан көш бастап тұр.
Дицтің статистикасы көңіл қуантады: ол 13 кездесуде қарсыластар қақпасына 5 рет шайба кіргізді. Жалпы ұпай саны бойынша да ол лигадағы қорғаушылар арасында екінші орында келеді.
Оның «Сібір» командасындағы маңызы артып келеді. Қазіргі уақытта Диц өз командасының «гол + пас» жүйесі бойынша ең үздік ойыншысы атанып отыр. Ойыншының жақсы бабын соңғы кездесулердің бірінен де байқауға болады: «Салауат Юлаевқа» қарсы өткен ойында ол 2 ұпай жинап, бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
Еске сала кетейік, Даррен Диц бұған дейін «Барыс» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған болатын.
Дереккөз: ProSports.kz

